Авторы – көрнекті қаламгер Рахымжан Отарбаев.
Қазақ түсінігінде бас – символикалық тұрғыдан билікті, еркіндікті білдіретін ұғым. Бассыз қалу дегеніміз еркіндігіңнен айырылумен бірдей. Әлемдік әдебиетте денесіз қалған басты, яки басы жоқ денені сөйлету кең таралған тәсіл. Бұл үрдіс шығыс дастарындағы "қубастан" бастап, Абайдың "Ескендір" поэмасындағы қубас, Акутагаваның "Бассыз қалған жайындағы әңгіме", А. Мердектің "Кесілген бас" шығармаларына дейін жалғасып кете береді. Шығыстық үлгідегі дастандарда бас адамның тойымсыз нәпсісін, жан мен тәннің майданын бейнелесе, отарланған халықтың әдебиетінде бас еркіндік пен отарлық езгіні көрсететін символ.
Ал Рахымжан Отарбаев “Бас” романында қазақ халқының отарсыздану процесін әлі өткермегенін ишаралап жеткізеді.
Сонымен, роман не туралы?
Роман желісі бойынша Мәскеуден білім алған Ноэль есімді антрополог ғалым XIX ғасырда Ресейдің отарлау саясатына қарсы шығып, еркіндік үшін күресіп, бассыз қалған Махамбеттің зиратын қазу үшін Қазақ даласына келеді. Автор мұнда Махамбеттің басын ғана емес, ұлттың отарлықтан жоғалтқан мінезін, рухын іздейді. Ақынның жоғалған басына миллион доллар қаражат берілетіндігін естіген арам пиғылды жандардың жан ұшыра Басты іздеуге кіріскен оқиғасы арқылы автор ұлттық құндылықтар аяққа тапталған, кие ұғымы, әруақ, баба секілді қасиетті түсініктер ысырылып қалған нарықтық қоғамның бейнесін ашып көрсетеді.
“Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боласың..."
Автор романда өткен тарих пен ұлттық болмысты көп сөз еткенімен, бұл жаһандану дәуіріне аяқ басқан қазіргі қазақ қоғамын бейнесін ашып көрсететін шығарма. Роман кейіпкері Ноэльдің Америкадағы үндістердің тарихын қозғауы – етек-жеңімізді жиып, тарихымызды түгендеп, болмысымызға қайтпасақ, біздің де басқа келер нәубет екенін ескерту. “Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боласың..." дейді автор.
Тыңдау үшін KITAP қосымшасын жүктеп алыңыз